Қыз бала — ұлттың айнасы, ұлыстың шамшырағы.

Соңғы жылдары жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыстар санының көбеюіне байланысты балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау мәселесі құқық қорғау органдарын алаңдатып отыр. Зорлық-зомбылық іс-әркеттері балалар мен жасөспірімдердің психикасына, олардың қалыпты дене және психикалық дамуына теріс ықпал етіп, одан әрі өмір сүруіне жағымсыз әсер етуі де мүмкін. Бұл проблеманың алдын алу мақсатында № 60 жалпы білім беретін орта мектепте 8-11 сынып қыздары арасында «Жасөспірімдер арасындағы жыныстық тиіспеушіліктің алдын алу» тақырыбында практикум ұйымдастырылды. Практикумның мақсаты – жасөспірім қыздардың жыныстық бостандығы мен жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстардың алдын алу және болдырмау.
Практикумға «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығының бас менеджері, Ақтөбе қаласының ардагер ұстазы – Малайдарова Марта Есиркеповна, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы прокуратурасының бөлім басшысы – Басанов Ерлан Омербаевич, Ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, отбасын сақтау орталығының медиаторы, көп балалы ана – Әбілдаева Бибігүл Әбдішүкірқызы, Қарғалы ауруханасының гинеколог дәрігері – Букенбаева Динара Букенбаевна қатысты. Практикум барысында Басанов Ерлан Омербаевич тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерте жүктілікке қарсы қылмыстар Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында қарастырылғандығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қарғалы ауруханасының гинекологы жыныстық жетілу кезіндегі қыздардың гигиенасы және ерте жүктіліктің салдары туралы айтып, сақтық шараларының алғышарттарымен таныстырды. «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығының бас менеджері М.Е. Малайдарова адамгершілік, отбасылық құндылықтар жайынан сөз қозғап, қыз тәрбиесі туралы өз ойымен бөлісті. Сондай-ақ, ата-аналар мен балалар арасында сенімді қарым-қатынас орнату арқылы балалармен мүмкіндігінше ашық сөйлесу, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге баса назар аударылу керектігін ескертіп өтті. Ата-аналарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстардың алдын алуға көмектесу үшін қазақ және орыс тілдерінде ескертпелер таратылды.
#60zhbbom