“Сыңғырла, күміс қоңырау!” салтанатты жиыны

Гүлге толы өмірлер,
Балғын жүзбен балауса.
Алып ұшқан көңілдер,
Толқымасын қалайша!
Көңіл толы нұр ағыс,
Мен де шаттық жайдамын.
Құтты болсын қуаныш!
Құтты болсын мейрамың!

24 мамыр күні мектебімізде “Сыңғырла, күміс қоңырау!” атты салтанатты жиынына 2, 3, 5, 6-7-8 класс оқушылары және барша ардақты ұстаздары сап түзеп, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Шамгунова Б.С. , директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құдайбергенов Д.Н және Турганбаева М.Б. құттықтау сөз сөйлеп, үздік оқушыларды марапаттады. Атаулы мерекеде әсем әуендер шырқалып, жүрек жарды тілектер айтылып, салтанатты жиын соңы жайдары, жарқын жазға мектеп ұстаздары оқушыларын қимай шығарып салып, бүлдіршіндері ұстаздарына жылы лебіздерін арнап, соңғы қоңырау соғылу дәстүрімен аяқталса, 25 мамыр 2019 жыл мектебімізде дәстүр бойынша жас түлек үшін алтын ұя мектебімен қоштасып, балалық шақтан болашаққа қанат қағар сәті, уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білетін, өз шәкірттерін білім нәрімен сусындатудан талмайтын аяулы ұстаздардың бір жылдық еңбектерінің жемісіне куә болатын күн, қызығы мен қиыншылығы мол, әр жылы қайталанбас тарихқа толы, оқушылардың кластан-класқа көшіп, асыға күткен жазғы демалысқа шығар кезі, білім ошағының мерекесі – “Соңғы қоңырау” салтанатты рәсімі өтті. 2019 жылдың 25 мамыр күні #60 ЖББОМ-да 1, 4, 9, 11 класс оқушылары «Соңғы қоңырау» салтанатты жиынына қатысты. Әсем безендірілген мектеп алдында өткен салтанатты шараның ашылуы мемлекетіміздің асқақтаған Әнұранын орындаумен бастау алып, сазды әуеннің сүйемелдеуімен мектептің пәндік олимпиада жүлдегерлері ҚР Мемлекеттік Туын ортаға алып шығу рәсімі орындалды.
Салтанатты жиынның алғашқы құттықтау сөзін мектеп директоры А.А.Тажимишев алып, оқу жылындағы жетістіктерді қорытындылады. Бүгінгі салтанатты жиынның қонағы болған “Bilim Media Group” компаниясы маркетинг департаментінің директоры Қ. Мырзаханұлы, Ақтөбе “Дарын” өңірлік тәжірибелік орталығының әдіскері А.С.Қобландина, жол полиция бөлімінің басшысы А. Кульжанов оқу жылының сәтті аяқталуымен мектеп ұжымын құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.
Аталмыш жиында дәстүрге айналған әрбір оқушының есінде мәңгі сақталып, жадында жаңғырып тұратын «Соңғы қоңырау» соғу рәсімі салтанатты түрде орындалды. Мерекелік шараға ұласқан жиында алғашқы оқу жылын аяқтаған шәкірттер жүрек жарды жыр шумақтарын арнап, мектеп түлектері білім ордасына ән шашуларын әуелете шырқады. Қияға қанат қаққалы тұрған түлектер мектеп вальсін мың бұрала билеп, мерекелік шараға жиналған қауымға ерекше тебіреніс сыйлады.
Соңғы қоңырау салтанатты жиынына жиналған қауым ашық ерекше қимастық пен қуанышқа толы аспан аясындағы мерекелік шараның куәсі болды. 💐💐💐

ТӘРБИЕ БӨЛІМІ