ҰБТ- мектеп бітіруші түлектердің білімін саралайтын сын

Диқаншы көктемде дән сеуіп, жемісін күзде жинаса, ұстаздар қауымы үшін жыл бойғы берген білімінің нәтижесін қорытындылайтын, еткен еңбегінің жемісін көретін кезең- оқу жылының соңы. Бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда мектеп бітіруші түлектеріміздің биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы қол жеткізерімізді естен шығармағанымыз абзал. Олай болса, білім беру деңгейінің мемлекеттік стандартында көзделген оқу пәндерінің  көлемін және олардың меңгерілу дәрежесін айқындау мақсатында  жүргізілетін сынақтың бір түрі – ҰБТ.

«ҰБТ» дегеніміз -мемлекеттің, қоғамның және тұлғаның қажеттілігіне сәйкес білім сапасын көтеретін басты бағыт. ҰБТ-ның мақсаты жоғары білім алуға барлық бітірушілердің тең дәрежеде қол жеткізуін  және білім берудің сыртқы тәуелсіз бағалау жүйесін құру.

Қазақстандық білім беру жүйесінің тиімді бағыты – фундаменталдық білім беру. Бұл ретте оқушының қаншалықты білім алғандығы емес, оның алған білімін қаншалықты пайдалана алатындығы маңызды. Оқушы білімді меңгеріп қана қоймай,оны іс жүзінде қолдана алу керек, заманның бет алысына қарай  талпыныс жасап, ілгерілеу кепіліне  қадам басуы шарт. Білім саласында болып жатқан осындай   қарқынды өзгерістердің бірі-ҰБТ-дің ерекше форматы. Жаңа форматтағы өзгерістердің ерекшелігі – оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға, оқу сауаттылығы бойынша берілген мәтіндерді оқу  кезінде талапкердің тұжырымдау, салыстыру, ойлау сияқты дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Талапкер осындай тапсырмаларды орындау барысында түрлі ақпарат көздерімен таныс болады және өздерінің білімін толыққанды көрсетуге мүмкіндік алады.

Осындай күрделі де жауапкершілігі жоғары сынаққа Ақтөбе қаласындағы  №60 жалпы білім беретін орта мектебі де жыл бойы үздіксіз  дайындық жасап, 2017-2018 оқу жылындағы мектеп бітіруші  50 түлегін білім бәйгесінде бақ сынауға қоспақшы. Математикалық-жаратылыстану бағыты бойынша – 29 түлек, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша – 21 түлегіміз  ата-ана мен өздерін үлкен өмір жолына ұшырғалы отырған  Алтын ұя мектебінің үкілеген үмітін ақтауға ниет етіп отыр. Ай сайын сынама тестілеу өткізіліп отырды. Осы тесттердің нәтижелері жеке-дара талданып, ата-аналары да хабардар етіліп отырды. Төмен балл алған оқушылармен пән мұғалімдері қалыс қалған тақырыптармен жеке жұмыстар жүргізіп, тест арқылы жұмыс жасаудың тиімді әдістері үйретілді. Түлектерге таңдау пәндері бойынша бекітілген кесте негізінде қосымша дайындық сабақтары өткізілді және мектептен тыс ҰБТ-ға дайындайтын курстарға да қатысып, білімдерін толықтырды. Сонымен қатар мектеп психологы тарапынан да тест кезінде қобалжу,тосын жағдайлардың алдын  алу мақсатында ішкі психологиялық жан дүниесін, көңіл-күйін бақылап, кез келген нәтижеге дайын болуы үшін жұмыстар жүргізілді. Соңғы сынама 10- маусымда өткізілді, орташа балл-79,6% құрады.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар бақ сынайтын бұл додада шашасына шаң жұқтырмай келетін жүйріктер қатарында №60 мектептің бәйгеге қосып отырған 50 сәйгүлігі де меже сызығына үзеңгілесе жетеді деген сенімдеміз.

Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын сында өздерінің ұшқыр ой,  терең білімдерін көрсетуіне сәттілік тілейміз.

 

                                               Садыкова Б.Х.- директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары