ҰБТ алынбас асу емес

№60 жалпы білім беретін орта мектеп директоры Тажимишев Абзал Амантаевич басқаратын білім ордасы «Алтын белгі» иегерлері мен озат оқушылар даярлауға бар күшін салып, аянбай еңбек етіп келеді.

Бұл мектептің толағай табыстарын айтып тауысу мүмкін емес. Өткен оқу жылында бір оқушы «Алтын белгі» иегері болып, санаулы қазақстандық дарындылар қатарына қосылды.

2017-2018 оқу жылында білім алып жатқан 11«А» класында 30 оқушы болса, 11«Ә» класында 22 оқушы, яғни барлығы 52 түлек мектеп бітіреді. Осы білім ордасында оқушыларды ҰБТ-ге дайындық жұмысы оқу жылының басында-ақ басталды. Мұғалімдердің пән бойынша жоспары құрылып, одан кейін ҰБТ-ге дайындайтын мұғалімдер бұйрықпен бекітілген болатын. Сонымен қатар  әр пән мұғалімі 11-кластар үшін дайындық кестесін жасап, жұмысты қыркүйек айынан бастап кетті. Мектепте оқушылардың өзіне деген сенімін арттыру, стресті болдырмау, қобалжудан арылу үшін тренинг, сонымен бірге тестке дайындық сабақтары кесте бойынша үздіксіз жүргізіліп отыр.

ҰБТ оқушы үшін де, ата-ана үшін де, сонымен қатар ұстаздар үшін де жауапты іс. Тынбай еңбектенген жүйелі жұмыс істеген, ҰБТ-ге жан-жақты дайындалған оқушы өзінің көздеген межесіне қол жеткізеді. «Туа жаман жоқ, жүре жаман бар деген» қағиданы ескеріп, оқушыларға саналы білім мен саналы тәрбие беру ұстаздың, ата-ананың, мектептің басты борышы деп қарауымыз керек.